«Біздің шағын жеңісіміз»: «Азаттық» тілшілерінің бір бөлігіне аккредитация берілді

Фото: AP News

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі «Азаттық радиосының» 12 журналисіне аккредитацияны үш айға ұзартты, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Алайда тағы 16 журналистің аккредитация алу мәселесі әлі шешілмеген. Бұл іс сотта қаралып жатыр.

«Азаттықтың» мәліметінше, аккредитация алғандардың қатарында Қазақ қызметінің және «Настоящее время» телеарнасының тілшілері бар.

Варшавада 6–17 қазан аралығында өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның адам өлшемі жөніндегі конференциясында құқық қорғаушылар Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралдарының бірі — «Азаттық» журналистерінің аккредитациясыз жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтты. «Құқықтық медиа орталығының» заңгері Гүлмира Біржанова бұл жағдайды халықаралық міндеттемелерді бұзу деп бағалады.

«Сот шешімімен 16 қазақстандық журналист шетелдік тілші мәртебесіне теңестірілді, соның салдарынан олар кәсіби қызметін жалғастыру құқығынан айырылды. Қазір сөз редакцияның жартысы туралы болып отыр. 14 қазанда қалған журналистерге аккредитация беру мәселесі қаралады. Бірақ олардың жұмысқа оралуы әзірге белгісіз», — деді Гүлмира Біржанова.

«Құқықтық медиа орталығының» директоры Диана Окремова әлеуметтік желідегі жазбасында: «Бұл — сөз бостандығы үшін күресіп жүрген журналистер мен құқық қорғаушылардың шағын, бірақ маңызды жеңісі. Өкінішке қарай, бұл шешім соттасып жатқан 16 журналистке қатысты емес, дегенмен әділдікке деген үміт пайда болды», — деп жазды.

«Азаттық» пен сыртқы істер министрлігі арасындағы сот дауы биылдың басында басталған. Министрлік 16 журналистке аккредитация беруден бас тартқан. Ресми түсіндірмеде олардың шетелдік БАҚ өкілі ретінде аккредитациясыз жұмыс істегені айтылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *