Бразилия Жоғарғы соты бұрынғы президент Жаир Болсонаруға қатысты үй қамаққа алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы ZontNews.kz DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот шешіміне сәйкес, Болсонару Бразилиа қаласындағы резиденциясында үй қамақта отырады. Ол ұялы телефон пайдалана алмайды және тек белгіленген адамдармен ғана байланыса алады.
Судья Александр ди Мораес бұл шешімді Болсонарудың 3 тамызда жақтастарымен видеобайланыс арқылы сөйлесуімен түсіндірді. Бұл жазба кейін әлеуметтік желілерде жарияланған. Судья бұл әрекетті тергеу мен сот органдарына ықпал етуге ұмтылыс ретінде бағалады.
70 жастағы Болсонаруға қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силваны биліктен тайдыру мақсатында сөз байласу айыбы тағылған. Айып бойынша, 2023 жылдың 8 қаңтарында Болсонарудың жақтастары Бразилиа қаласындағы Конгресс, Жоғарғы сот және президент сарайына шабуыл жасаған.
19 шілдеде сот оған электронды білезік тағу, түнде үйінен шықпау және әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу сияқты шектеулер енгізді. Тергеу ісінің жақында аяқталатыны хабарланды. Болсонару «елдегі демократиялық-құқықтық тәртіпті жоюға әрекеттенді» деген айыппен тергеліп жатыр.
Жаир Болсонару өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарып отыр.
30 шілдеде АҚШ билігі судья Александр ди Мораеске қарсы санкция енгізді. Вашингтон оны «сот жүйесін оппозицияны саяси тұрғыда қудалауға пайдаланған» деп айыптады.