Нұрбол Назарбаев «Жаңа Қазақстан» бастамасының қара тізіміне енді. Онымен Активтерді қайтару комитеті сот арқылы дауласты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қаржы министрлігіне қарасты Активтерді қайтару комитеті Нұрбол Назарбаевтың заңсыз жолмен жиналды деп бағаланған мүлкін анықтап, сотқа жүгінді. Сот комитеттің талабын толық қанағаттандырды.
Нәтижесінде мемлекет пайдасына 106,75 млн доллар (бүгінгі бағаммен 57 млрд теңге) өндіріп алу туралы шешім шықты. Сонымен қатар Нұрбол Назарбаев 1,75 млн доллар (925 млн теңге) айыппұл және 230,4 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Істі қамтамасыз ету үшін сот оның барлық банктік шоттарын бұғаттап, компания табыстары мен жеке мүлкін басқаруға шектеу қойды. Осылайша ол бизнес құрылымдарына толық бақылаудан айырылды.
Назарбаевтың адвокаттары бұл шараларды заңсыз деп, шағым түсірді. Алайда сот «Атқаруды қамтамасыз ету шаралары шешімді орындауды жеңілдету үшін қолданылуы мүмкін» деген ҚР Азаматтық процестік кодексінің 155-бабына сүйеніп, шешімді күшінде қалдырды.
Бұл іс мұнымен аяқталған жоқ. Астанадағы межрайондық сотта жаңа процесс басталды. Бұл жолы оған Бас прокуратура жанындағы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы қосылды. Процесс жабық режимде өтіп жатыр. КУВА Orda.kz-ке: «Ақпарат құпия, түсініктеме бере алмаймыз» деп жауап берді.
Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін оның мұрасы мен бизнес-империясын ұлы Нұрбол иеленгені белгілі болды. Оның атына Шамалғандағы отбасы үйі, Бурабай мен Щучинскідегі жер телімдері, Жамбыл ауданындағы ипподром аумағы, сондай-ақ Алматыдағы BNC Plaza бизнес орталығы мен бірнеше компания тіркелген.
Қазір Назарбаевтар әулетінің капиталына қатысты күрес жүріп жатыр. Бұған дейін тізімге Тимур Құлыбаев, Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев және Қайрат Шәріпбаев сияқты элита өкілдері де енген. Олардың кейбірі билікпен келісімге келіп, активтерді өз еркімен қайтарды.