Қазақстан құрамасы Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жетінші алтын медальді елге капитан Айбек Оралбай (90 кг-нан аса салмақ дәрежесі) әкелді. Ол финалда өзбекстандық Жахонгир Зокировпен жұдырықтасты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларды жеңісімен құттықтады.
«Қазақ боксшылары әлем біріншілігінде керемет нәтиже көрсетті. Әйтсе де алдымызда АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Соған қазірден бастап дайындалу қажет. Қазақ бокс мектебінің мерейі әрдайым үстем болсын!», – деді президент.
Турнир қорытындысы бойынша Алуа Балқыбекова (51 кг-ға дейін) мен Аида Әбікенова (65 кг-ға дейін) екі дүркін әлем чемпионы атанды. Балқыбекова финалда түрік боксшысы Бусе Наз Чакыроғлуды сенімді түрде жеңді.
Әбікенова өзбекстандық Навбахор Хамидоваға алғашқы екі раундта есе жібергенімен, шешуші үш минутта басымдық танытып, Қазақстанға алтын сыйлады.
Чемпионатта Торехан Сабырхан (70 кг-ға дейін) да сәтті дебют жасады. Ол финалда жапондық Сэвон Окадзавамен күш сынасып, төрешілердің әртүрлі ұпай беруімен жеңіске жетті.
Наталья Богданова да (70 кг-ға дейін) алтын медаль иеленді. Ол австралиялық Лекеиша Перголитиді сенімді түрде жеңді.
Турнирдің алғашқы екі алтынын Санжар Ташкенбай (50 кг-ға дейін) мен Махмұд Сабырхан (55 кг-ға дейін) әкелді. Махмұд Сабырхан испандық Рафаэль Лозано Серраноны жеңді.
Осылайша Қазақстан құрамасы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында барлығы он медаль алды: жеті алтын, екі қола және бір күміс. Бұл ұлттық құраманың әлемдік бокстағы беделін тағы да дәлелдеді.