Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Қырғызстанмен шекарадағы «Қордай» және «Қарасу» автомобиль өткізу бекеттеріндегі қайта жаңғырту барысымен танысты, деп жазады ZontNews.kz.
«Қордай» бекетінде жол жолағының саны 4-тен 8-ге, паспорттық бақылау кабиналарының саны 20-дан 40-қа дейін артты. Соның нәтижесінде жолаушылар өткізу көлемі төрт есе, көлік өткізу көрсеткіші шамамен үш есе көбейді. «Қарасу» бекетінде жаңғырту аяқталғаннан кейін тәуліктік өткізу қуаты 700-ден 2 мыңнан астам көлікке жетеді деп жоспарлануда.
Бектенов жұмысты уақытында және сапалы аяқтауды, цифрлық шешімдерді енгізуді, азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көліктік дәлізі аясында индустриялық-сауда-логистикалық кешеннің құрылысын жеделдетуді міндеттеді.