«Бағанашыл» дауы: үш шенеунік қызметінен босатылды

Фото: Видеодан кадр

Алматы облысында «Бағанашыл» балалар үйін көшіру дауының артынан үш лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Бұл туралы облыстық білім басқармасы мәлімдеді, деп жазады ZontNews.kz.

Президент әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков, білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева және ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбітов қызметтерінен алынды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарына қатаң сөгіс берілді.

Болат Күренбеков 2024 жылдың тамызында тағайындалған, бұған дейін Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаменті бастығының бірінші орынбасары болған.

Салтанат Беспаева білім басқармасын 2022 жылдың маусымынан бері басқарды. Ерік Әбітов 2024 жылдың сәуірінде ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне келген.

21 шілдеде Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйін Қонаевқа көшіру кезінде балалар жылап, кейбірі талып қалды. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласқан соң көшіру тоқтатылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президент әкімшілігі қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.

Даудың басы наурызда басталды. Сол кезде балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан көшуге қарсы бейнеүндеу жариялаған. Белсенділер мекеме орналасқан жердің құрылыс компанияларының қызығушылығын тудырғанын айтқан. Наурызда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев балаларды көшіру болмайтынын мәлімдегенімен, шілдеде көшіру туралы бұйрық шықты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *