Алматыдағы дау тудырған №1 балалар үйін ғимараты толық жөндеуден өтеді. Жөндеу кезінде тәрбиеленушілер уақытша басқа мекемеге орналастырылады, деп жазады ZontNews.kz.
Қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков балаларды көшіру қаланың өз аумағында жүзеге асатынын айтты.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, ғимарат толық жаңартылады. «Интегра» ЖШС әлеуметтік жауапкершілігі аясында балаларды көшіруді ұйымдастыруға дайын», – деді ол.
Балаларды уақытша орналастыру Алматы қалалық білім басқармасының бақылауында. Қазір жаңа ғимарат салу жобасы әзірленіп жатыр. Сайран Сайфеденовтің айтуынша, балалар қысқа мерзімге №1 интернатқа орналастырылады.
«Интернатта 1100 шаршы метрден астам аумақ және 18 бөлме бар. Апта соңына дейін балалар көшіріліп, ғимарат босатылған соң құрылыс жұмыстары басталады», – деді ол.
Еске салсақ, бұрынғы жоспар бойынша №1 балалар үйін Қонаев қаласына көшіру кезінде балалар наразылық көрсетіп, автобустың жолын бөгеп, әкімдік полиция шақырған еді. Сол оқиғадан кейін балалар басқа жаққа көшірілмейтін болды.