Көлік және транспорттық бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әли көлік министрінің бұйрығымен қызметінен босатылды, деп хабарлайды ZontNews.kz үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағайынға қатысты дау
Жақында Алтай Әли аты-жөнін қоғам қызу талқылады. Әлеуметтік желіде «қарапайым жұмысшы» Ербол Құлымбет Жамбыл облысында транспорттық бақылау бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалғаны жарияланды. Жазбада оның мансап жолындағы жылдам өсуі комитет басшысы Алтай Әлімен туыстығына байланысты болуы мүмкін екені айтылды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген тексерісте комитет төрағасы Алтай Әли мен Ербол Құлымбеттің ата-аналары туған аға-қарындас екені анықталды. Демек, олар бір-біріне нағашы-жиен.
Агенттік «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң бойынша мұндай туыстық жақын туыс немесе жекжат санатына жатпайтынын және мүдделер қақтығысын туындатпайтынын хабарлады.
Соған қарамастан Ербол Құлымбет өз еркімен қызметінен кеткен.
Алтай Әли 1985 жылы Жамбыл облысында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы бастады. Әр жылдары «Даму» қоры, Астана қалалық соты, премьер-министр кеңсесінде қызмет атқарды. Шымкент қаласы әкімдігінде басшылық лауазымдарда болды. 2021 жылдан бері көлік министрлігінің құрылымдарында түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2023 жылы көлік комитетінің төрағасы, кейін көлік және транспорттық бақылау комитетінің басшысы болып тағайындалды.
Бүгін белгілі болғандай, Алтай Әли Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын қадағалайды.