АҚШ тарапынан енгізілген жаңа сауда шектеулерінің Қазақстан экономикасына тікелей әсері болмайды. Бұл туралы қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов пікір білдірді, деп жазады ZontNews.kz.
Сарапшының айтуынша, кедендік баж салықтарының салдары уақыт өте білінеді.
«Мұндай шаралардың ықпалы бірден сезілмейді. Егер әсер болса да, ол бірнеше тоқсан өткен соң ғана байқалады», – деді Рысмамбетов.
Оның айтуынша, АҚШ енгізген тарифтер Қазақстанның негізгі экспорттық өнімдерін, әсіресе стратегиялық минералдарды қамтымайды.
«Біздің экспорттың басым бөлігі бұл салықтарға ілікпейді. Оның үстіне бұл өнімдерді тұтынатын компаниялардың көпшілігі АҚШ-тың стратегиялық маңызы бар кәсіпорындары. Оларға шикізаттың қымбаттауы тиімсіз, себебі бұл ішкі инфляцияны үдетуі мүмкін», – деді сарапшы.
Сонымен қатар, кейбір қазақстандық компаниялар үшін бұл шектеулер белгілі бір қиындық тудыруы мүмкін. Алайда бұл тұтас экономикаға емес, жекелеген кәсіпорындарға әсер етуі ықтимал.
«Егер отандық компания АҚШ нарығына өнім жеткізіп, жаңа баж салығына іліксе, бәрі америкалық тапсырыс берушінің балама көздерінің бар-жоғына байланысты. Біз негізінен өнеркәсіптік өнімдер экспорттаймыз. Егер балама өнім болса және ол арзанға түссе, біздің өнімге деген сұраныс төмендеуі мүмкін. Бірақ бұл макродеңгейде емес, жекелеген кәсіпорындар деңгейінде сезіледі», – деді Рысмамбетов.
Ол сондай-ақ, егер қазақстандық өнімнің баламасы болмаса, онда енгізілген тариф АҚШ тұтынушысына ғана қосымша шығын алып келуі мүмкін екенін атап өтті.
«Біз көбіне B2B форматында жұмыс істейміз, яғни өнімдер тұтынушыларға емес, бизнеске бағытталады. Өз өнімін тікелей америкалық нарыққа ұсынатын отандық компанияны өз басым білмеймін», – деді сарапшы.

Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп 70-ке жуық ел мен Еуропалық одаққа қатысты жаңа импорттық баж салықтарын енгізді. Жаңа тарифтер 10%-дан 41%-ға дейінгі мөлшерде бекітілген. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш 25% деңгейінде белгіленген.