Мысырдың Шарм-эш-Шейх қаласында Газа секторындағы соғысты тоқтату жөніндегі келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Құжатқа АҚШ атынан Дональд Трамп, Мысыр атынан президент Абдель-Фаттах ас-Сиси, сондай-ақ Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мен Катар әмірі Тамим ибн Хамад Әль Тани қол қойды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху шараға қатысқан жоқ. БАҚ дерегінше, ол Симхат-Тора мерекесіне байланысты келуден бас тартқан. Ердоғанның ұшағы біраз уақыт әуежай маңында айналып жүрген, себебі Нетаньяхудың келмейтіні соңғы сәтке дейін нақтыланбаған.
Дональд Трамп бұл келісімді «Таяу Шығыс дипломатиясы тарихындағы ең ірі әрі ең күрделі мәміле» деп атады.
«Адамдар Таяу Шығыста үшінші дүниежүзілік соғыс басталады деп айтқан, бірақ ол болмайды. Маңыздысы — соғыс аяқталды», — деді Трамп.
Бітім 10 қазанда күшіне енді. 13 қазанда ХАМАС Қызыл Крест комитетіне 20 израильдік тұтқынды және 28 адамның денесін тапсырды. Израиль өз кезегінде 1,9 мыңнан астам палестиналықты босатты.