Атырауда блогер Құралай Болатоваға шабуыл жасаған қыздар анықталды. Полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Instagram желісінде 13 мыңға жуық оқырманы бар Құралай Болатованы жергілікті тұрғын Айдана Ақмурзиева мен оның құрбысы Ақбота Нұғманова соққыға жыққан.
Блогердің айтуынша, жанжал Стамбұлға ұйымдастырылған турдан кейін басталған. Құралай жарнамалау шартымен 100 мың теңге алдын ала төлеген. Кейін бірнеше адам да сол турға ақша аударған, бірақ сапар жүзеге аспаған. Қаражатты қайтаруды талап еткен Болатова соққыға жығылған.
«Мені алдап, зиратқа апарып ұрып-соғып, қорлады. Мен үнсіз қала алмаймын. Шындықтың ашылғанын және кінәлілердің жауап бергенін қалаймын. Заң бәріне ортақ болуы тиіс», – деді Құралай Болатова.
Жәбірленушінің айтуынша, қыздардың бірі «прокуратурада танысымыз бар, бәрібір ештеңе дәлелдей алмайсың» деп айтқан.
Полиция департаментінің мәліметінше, іс «денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабымен тіркелген. Тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды.
«4 қазан күні 25 жастағы Атырау тұрғыны полицияға өзін ұрып-соққан таныстарын көрсетіп, шағым түсірді. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар адамдар анықталып, полицияға жеткізілді. Қазір бейнебақылау жазбалары зерттеліп, куәгерлерден жауап алынуда», – деп мәлімдеді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның хабарлауынша, «жәбірленушінің барлық уәжі мұқият тексеріліп, барлық тараптың әрекетіне құқықтық баға беріледі».
Тергеу барысы облыстық полиция басшылығының жеке бақылауында.
Бұған дейін Құралай Болатова әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, өзін қала сыртындағы зиратқа апарып ұрып-соққанын айтқан. Оның сөзінше, шабуыл алдында ол ақшасын қайтара алмаған және турдың болмағанына наразылық білдірген.