23 қыркүйек күні Атырау қаласындағы Алмагүл шағын ауданындағы ойын алаңында белгісіз ер адам тоғыз жастағы баланы жарақаттады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Куәгерлердің айтуынша, 20–25 жастағы ер адам балаға бірнеше жарақат келтірген. Баланың ата-анасы оның қатты күйзеліс сезінгенін және енді аулаға шығудан қорқатынын айтты.
Оқиға әлеуметтік желілерде кең талқыға түсті. Пайдаланушылар: «Енді балаларды аулаға қалай жібереміз? Мұндай жағдайларда бақылау камералары қайда?» – деп наразылық білдірді.
Атырау облыстық полиция департаменті оқиғаның дерегін растады. Қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің жеке басын анықтау және ұстап алу үшін кешенді іздестіру шаралары жүргізілуде.
«Бейнебақылау жазбалары тексерілуде, куәгерлерден жауап алынып жатыр. Жәбірленуші бала жеңіл дене жарақаттарын алды, оған психологиялық көмек көрсетілуде. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», – деп хабарлады полиция.