Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың отбасын Кой-Таштағы резиденциядан шығарғаны хабарланды, деп жазады ZontNews.kz. Kaktus Media-ның мәліметіне сүйене отырып.
Қадырбек Атамбаев пен Алияс Шагиева милиция есікті кескіш құралмен ашып, үйдегі заттарды көшеге шығарғанын мәлімдеді.
Қадырбек Атамбаев әлеуметтік желіде үндеу жариялап, азаматтарға «мыңдаған қолдау сөздері мен көмек көрсету ұсыныстары үшін» алғыс білдірді. Ол қазіргі уақытта отбасы туыстарының үйінде тұрып жатқанын жеткізді.
«Біреулер үшін құндылық алтын, ақша, ұшақтар мен қымбат күртелер болса, біз үшін ең бастысы – халқымызбен бірге қалу», – деп жазды ол.
Бұған дейін билік резиденцияның орнына қарттар үйі мен балабақша салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Атамбаевтар отбасы мұны өздерінің жалғыз баспанасы екенін айтып, сот ісі әлі жалғасып жатқанын хабарлады.
Бір күн бұрын белгісіз адамдар Кой-Таштағы Атамбаевтар үйіне екі рет басып кіруге талпынған. Оған дейін Раиса Атамбаева да отбасын шығару мәселесіне байланысты президентке және Қырғызстан халқына үндеу жасаған болатын.