Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы басшысы Асхат Оралов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп жазады ZontNews.kz.
Бұл шешім қоғамда кең талқыланды. Әлеуметтік шиеленісі жоғары, мұнай қоры азайып келе жатқан өңірге ерекше басқарушылық тәсіл қажет.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, дәл осындай жағдайда Оралов сияқты басқарушылар қажет.
«Алғашқы сауалдардың бірі: Павлодардан шыққан, министрлікте және Президент әкімшілігінде қызмет атқарған Оралов Маңғыстауда қандай рөл атқара алады? Шын мәнінде, оның басқару стилі өңірдің сұранысына сәйкес келеді. Оның бірінші тілі – қазақ тілі, әрі ол халықпен тікелей сөйлесуді жақсы меңгерген. Ол кабинетке қамалып отыратын шенеунік емес, керісінше, халықпен бетпе-бет жұмыс істей алатын администратор. Қажет жерде ымыра табады, кейде ашық қарсыласуға да барады. Әрбір шенеунік ашулы жұрттың алдына шығып, мәселені ашық талқылай алмайды. Оралов мұндайға қабілетті екенін қаңтар оқиғалары кезінде-ақ көрсетті», – деді саясаттанушы.
Маманның пікірінше, Маңғыстау құрылымдық дағдарыс табалдырығында тұр. Мұнай қоры сарқылып, өндіріс шығыны артқан. Халық саны өсіп, әлеуметтік талаптар күшейіп келеді. Аймақтың саяси тұрғыда тез жұмыла алуы және ел астанасынан шалғайлығы жағдайды күрделендіреді.
«Мұндай өңірде тек лента қиып, рәсімге қатысатын басшылар емес, жағдайды бақылауда ұстай алатын басқарушылар қажет. Маңғыстауда табысты жұмыс істегендер үшін бұл өңір мемлекеттік басқару мектебі әрі мансаптағы үлкен баспалдақ бола алады. Қиын жағдайда жиналған тәжірибе әрқашан бағалы», – деп қорытындылады Әбішев.