15 қыркүйектен бастап елордада жұмыс күнінің басталу уақыты өзгереді. Әкімдіктің мәлімдеуінше, бұл қадам таңғы және кешкі қарбаласта жолдағы қозғалысты жеңілдету үшін енгізіліп отыр, деп жазады ZontNews.kz.
Жаңа кесте коммуналдық қызметкерлерге, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты болады. Олардың жұмыс күні әдеттегіден ертерек, таңғы 7:30-дан басталады. Кейбір бөлімшелерде жұмыс уақыты 7:30 бен 8:00 аралығында белгіленеді. Соған сәйкес аяқталу уақыты да ертерек болады.
Әкімдік атап өткендей, жекеменшік компаниялардың, мектептердің, балабақшалардың, ауруханалар мен емханалардың, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарының және өзге де әлеуметтік нысандардың жұмыс тәртібі өзгермейді.