Қытайдың Тяньцзинь қаласында Астананың жаңа жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) жобасында жұмыс істейтін 29 маман үш айлық курстан өтті, деп жазады ZontNews.kz.
«Цзиньваньбао» басылымының мәліметінше, оларға арнайы сертификаттар табысталды.
Бағдарламада заманауи тренажерларда оқыту және қолданыстағы пойыздарда практикалық жаттығулар қарастырылды. Енді олар Қазақстанға оралып, жобаның құрылысы мен пайдалануға беруге дайындық жұмыстарына қатысады.
Астанадағы ЛРТ – елдегі алғашқы осындай көлік желісі. Оны 2025 жылдың соңына дейін Тяньцзинь метрополитені мен Қытайдың жетекші компанияларының қатысуымен іске қосу жоспарланған.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа көлік жүйесі елордадағы қозғалыс жайлылығын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.