Астанада ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш тақтадағы «Голодомор» сөзі «Голод» деп ауыстырылды, деп жазады ZontNews.kz.
Белсенді Әлімжан Ізбасаровтың жеке шағымынан кейін жазу өзгерген. «Голодомор» термині қолдан жасалған ашаршылықты білдірсе, «Голод» сөзі аштықты табиғи себептердің салдары ретінде түсіндіреді.

Жазба авторы былай дейді:
«Голодомор – Кеңес үкіметінің қасақана халықты аштыққа ұшыратуы туралы шындыққа сәйкес келмейтін үгіт. Біз ашаршылықты және оның құрбандарын жоққа шығармаймыз, бірақ оның әдейі жасалғанын немесе толығымен Кеңес үкіметінің кінәсі екенін қолдамаймыз».
Facebook қолданушысы Дастан Абдырахманұлы бұл пікірмен келіспейтінін мәлімдеді.
«Бұл – қазақ тарихының мәнін бұрмалау, халыққа жасалған қасіреттің саяси табиғатын жасыру. Аштық қазақ халқына табиғаттан емес, солақай саясаттың салдарынан келгенін әлем біледі. Тарихи шындықты бұрмалау – ұлттық жадқа қиянат», – деді ол.
Дастан Абдырахманұлы қала әкімдігінен мұндай шешім қабылдағанда кәсіби тарихшылар мен қоғам өкілдерінің пікірін ескеруді, жазуды қайтадан «Голодомор» деп жазуды талап етті.
«Голодомор – қолдан жасалған аштықтың тарихи атауы. 1931–1933 жылдардағы қазақ жеріндегі ашаршылық сталиндік ұжымдастыру, малды тартып алу, көшпелі тұрмысты жою саясатының нәтижесі. Қазақ халқының жартысына жуығы аштан қырылып, босқын болды. Бұл – нағыз “Голодомор”. Бұл тарихи қасірет әлемдік тарихнамада және отандық ғалымдардың еңбектерінде мойындалған», – деді ол.