Астанада 15 адам жарақат алған автобус апатына байланысты жүргізушіге қарсы қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды, деп жазады ZontNews.kz.
Жарақат алғандардың арасында аяғынан ауыр жарақат алып, кейін протез салынған Алуа есімді қыз болған.
Апаттан кейін автобустың техникалық тұрғыдан ақаусыз болғаны және жүргізушінің жолға шығар алдында тексеруден өткені хабарланған. Алайда тергеу барысында оның жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталды. Бұл қорытындыны сараптама нәтижелері растады.
«Кейін жүргізуші қылмыстық қудалауды тоқтату туралы рақымшылық заңы аясында өтініш берді. Соның негізінде іс жабылды», — деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Маусым айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Алуаға протез салу мен оңалту қызметтерін өз мойнына алатынын хабарлаған.
«Протез бен оңалту қызметтерін мемлекет қамтамасыз етеді. Дәрігерлер балаға жеке оңалту бағдарламасын жасайды. Отбасыны қолдау ісі де министрліктің бақылауында болады», — деген болатын министр Светлана Жақыпова.