Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров парламент отырысында анасын туған күнімен құттықтаған әрекетіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында бұл қадамының мақсаты — ата-анаға құрмет көрсетуді жастарға үлгі ету екенін атап өтті.
«Анасын туған күнімен құттықтады деп дау шығарып жатқандарға жол болсын. Кеше ғана әкесін аяусыз тепкілеп, боқтаған баланың бейнежазбасын көрдік. Бұл — жүректі ауыртатын жағдай. Ертең оны көрген жас ұрпақ қайталамасына кім кепіл?» – деді Назаров.
Депутаттың айтуынша, қазіргі қоғамда жастар арасындағы қатыгездік, ажырасулар және балалар үйіндегі қазақ балаларының көбеюі үлкен қасіретке айналып отыр.
«Балалар үйінде 2004 жылдан бері тәлім-тәрбие беру ісіне араласып келемін. Жақында ғана 52 бала қалды деп қуанған едік. Соңғы екі жылда бұл сан 158-ге жетті. Басым бөлігі – қазақ балалары. Ата-анасы тірі, бірақ ішімдік пен есірткінің құрбаны болғандар», – деп алаңдаушылық білдірді ол.
Назаровтың парламентте анасын құттықтауы қоғамда кең талқыланып, әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Көпшілік парламент ресми шешімдер қабылданатын орын екенін айтып, депутаттың әрекетін орынсыз деп бағалады.