Амантай қажы екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Алматыда антиядролық қозғалыс белсендісі және бұрынғы президенттікке үміткер Амантай қажы Асылбек әйелді баспалдақтан итеріп жіберіп, оның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірді деген күдікпен тергеліп жатыр, деп жазады ZontNews.kz.

Оқиға 4 шілде күні «Динамо» спорт кешенінің аумағында болған. Жәбірленушінің жамбас сүйегі бірнеше жерден сынған. Қазіргі уақытта ол ауруханада ем қабылдап жатыр.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, іс бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу аясында кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады», – деді ведомство өкілдері.

Аталған бап бойынша күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзету жұмыстарына тарту, қоғамдық жұмысқа міндеттеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін жәбірленушінің қызы оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, Амантай қажының анасына қасақана күш қолданғанын мәлімдеген. Іс Алмалы аудандық полиция басқармасының бақылауында.

Амантай қажы Асылбек — «Семей-Невада» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі. Сондай-ақ ол «Аттан-Қазақстан» қозғалысы мен Бейбітшілік маршының жетекшісі ретінде танымал. 1998, 2005, 2011 және 2015 жылдары Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде тіркелуге тырысқанымен, түрлі себептерге байланысты Орталық сайлау комиссиясы оны сайлауға жібермеген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *