Алматыда №224 мектептің тіліне қатысты дау басылар емес

Фото: ARA MEDIA

Алматының Бостандық ауданы тұрғындары жаңа №224 мектептің қазақ тілінде ашылуын талап етіп, әкімдік ғимаратына жиналды. Мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып, 2500 оқушыға арналған, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Ата-аналар оқу орнының бастапқыда қазақ мектебі ретінде ашылады деп хабарланғанын айтады. Алайда кейін мектептің аралас тілде жұмыс істейтіні белгілі болған.

«Басында қазақ мектебі болады деген. Енді аралас болады дейді. Неге тағы да қазақ сыныптары шет қалуы керек?», – деді тұрғындардың бірі.

Ата-аналар ауданда қазақ тілінде білім беретін мектептердің жетіспейтінін айтады. Қазір Бостандық ауданында тек бір таза қазақ мектебі бар, ал қалғандары орыс немесе аралас тілде оқытады.

«Баламды қазақ мектебіне беру үшін жылдар бойы кезек күттік. Жеке мектепке ай сайын 200 мың теңге төлеп оқыттым. Қазақ сыныптарына сұраныс өте жоғары», – деді аудан тұрғыны Жұлдыз Бағлан.

Білім басқармасының өкілдері ата-аналармен кездесіп, мәселе қаралу үстінде екенін айтты.

«Оқыту тілін айқындау Конституция мен білім беру заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Қазір ата-аналар арасында пікір алшақтығы бар. Барлық өтініш қалалық Білім басқармасына жолданды», – деді Бостандық аудандық білім бөлімінің басшысы Сайран Тәпенұлы.

Жаңа мектепті 3 қарашада ашу жоспарланған, бірақ құжат қабылдау әлі басталмаған.

Қазір ауданда 35 мемлекеттік мектеп бар: 10-ы орыс тілінде, 9-ы қазақ тілінде, 16-сы аралас тілде білім береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *