20 қазанда Алматыдағы №224 мектептің ата-аналары білім ордасының алдына жиналып, сабақтардың толық қазақ тілінде өтуін талап етті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Басылымның мәліметінше, ата-аналар өз талаптарын мектеп директоры Раиза Ахметоваға жеткізіп жатқан сәтте Алтынай есімді әйел жиналысқа араласып, қазақ тілінде толық оқытуға қарсы пікір білдірген. Ол мектептің аралас тілде қалуы керек екенін айтқан. Жиналғандар оны «арандатушы» деп атады. Директор Раиза Ахметова түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын, мектеп қазақ не аралас тілде болатыны әзірге белгісіз екенін мәлімдеді.
Алматы қалалық білім басқармасы ата-аналардан өтініш қабылдау 28 қазанда басталатынын хабарлады. Ведомствоның айтуынша, бұл қадам мектептердегі оқушы санын теңестіруге және барша балаға сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңға сәйкес, білім беру ұйымдарындағы оқыту тілі жергілікті атқарушы органмен аймақтың демографиялық жағдайы мен материалдық мүмкіндіктерін ескере отырып белгіленеді. Әр мектеп қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, сондай-ақ орыс және шет тілдерін оқытуға міндетті. Ата-аналар баласына білім берілетін тілді мектеп таңдау арқылы айқындай алады.
Бұған дейін оқу-ағарту министрі болған кезде Ғани Бейсембаев ведомство орыс тілінде оқытылатын сыныптарды жабуды жоспарламайтынын айтқан. Министрдің сөзінше, соңғы жылдары ата-аналардың көбі балаларын қазақ тілінде оқытуға бет бұрып келеді.