Алматыда Талғат Мұсабаевпен жүздеген адам қоштасты

Алматыда Қазақстанның Халық Қаһарманы, ғарышкер әрі мемлекет қайраткері Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі өтті. Ол 4 тамызда 75 жасында дүниеден озды, деп жазады ZontNews.kz.

Қоштасу рәсімі Офицерлер үйінде ұйымдастырылды. Таңертең ғимарат алдына марқұмның денесі жеткізілді. Ғарышкермен қоштасуға оның туған-туыстары, достары, әріптестері, билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, журналистер мен белсенді азаматтар келді.

Кейін 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта қаралы митинг өтті. Онда еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Кеңес және Ресей ғарышкері Сергей Крикалёв, Қорғаныс министрі Даурен Касанов және мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сөз сөйледі.

Ел gрезидентінің атынан сөйлеген Ерлан Қарин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқыды.

«Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышқа сапар шегіп, ашық ғарышқа шықты. Оның ерлігі еліміздің атын әлемге танытты. Ол отандық ғарыш саласын дамытуға бар күшін жұмсады, қоғам қайраткері, сенатор ретінде де белсенділік танытты. Халқымыз оның жарқын бейнесін әрдайым жадыда сақтайды», — деп жазылған президент жолдауында.

Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде президенттің тапсырмасымен қоштасу рәсімі ерекше бақылауда ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың қазасы – зор қаза. Президент бұл рәсімді жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Бүгінгі шараға Қорғаныс министрлігі мен ғарыш саласының өкілдері, ардагерлер мен қаһармандар: Тоқтар Әубәкіров, Бақытжан Ертаев, Айдын Айымбетов келді. Бұл – мемлекет тарапынан батырға деген құрметтің көрінісі», — деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол Талғат Мұсабаевтың табандылығы мен ерлігі кейінгі буынға үлгі екенін айтты.

«Талғат Амангелдіұлы мақсатынан қайтпайтын қайсар жан еді. Ол бала күнінен ғарышкер болуды армандап, сол мақсатына табандылық пен тәртіптің арқасында жетті. Оның ғарыш саласы мен ұлттық ғылымға қосқан үлесі тарихта алтын әріптермен жазылады», — деді ол.

Қоштасу митингінде Тоқтар Әубәкіров тебірене сөйледі. Ол Мұсабаевты шын мәнінде халық қаһарманы деп атап, оның өмір жолын Отанға адал қызмет етудің үлгісі деп бағалады.

«Бүгін біз ұлы тұлғамен қоштасып тұрмыз. Талғат үш рет ғарышқа ұшты, ашық ғарышқа шықты, әлемдік рекордтар орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бірақ ең маңыздысы – ол өз тамырынан ажырамаған нағыз қазақ еді. Ол әрдайым: “Мен міндетімді толық орындамайынша, елге оралуға құқым жоқ” дейтін. Ол оралды. Маңызды саланы басқарды, көптеген бастама көтерді. “Бәйтерек” ғарыш айлағын құру, жер серіктерін ұшыру идеяларын алғаш көтерген де сол еді. Бүгінде бұл жобалар жүзеге асып жатыр — бұл оның мұрасы.

Ол бала кезінен ғарышты армандады. Бүкіл әлем Гагариннің есімін айтып жүргенде, ол: “Бір күні ғарышта Талғат Мұсабаев болады” дейтін. Ол жай ғана армандаған жоқ — сол арманға жету үшін аянбай еңбек етті. 43 жасында жас үміткерлермен жарыса отырып, қайтадан ғарышқа ұшты. Бұл – ерік-жігердің, батылдық пен тәртіптің үлгісі. Ол ешқашан берілмеді, әрқашан адал еңбекпен мақсатқа жетті.

Талғат тек ғарышкер емес — ол идеолог, стратег, тәлімгер еді. Ол әрқашан болашаққа көз жүгіртетін. Оның идеялары — үлкен, батыл, кейде тіпті тосын еді. Ол оларды іске асырудың жолын білді. Оның еңбегі, сенімі, турашылдығы — бәрі де бізбен бірге қалады.

Виктория Вольдемарқызына, Камила Талғатқызына, Тимур Талғатұлына айтарым: сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз. Бұл – тек отбасының ғана емес, бүкіл елдің қайғысы. Ғарыш бізді біріктірді. Біз жұлдыздарға ұмтылған қазақ арманын жүзеге асырған жанды ұмытпаймыз», — деді Тоқтар Әубәкіров.

Тілшілердің мәліметінше, қоштасу рәсіміне бірнеше жүз адам қатысты. Олардың қатарында үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, бұрынғы және қазіргі депутаттар, әріптестері мен қарапайым қала тұрғындары болды.

Үш рет ғарышқа ұшып, отандық ғылым мен халықаралық ынтымақтастыққа үлес қосқан ғарышкердің құрметіне саябақта әскери сап түзелді.

Сергей Крикалёв өз сөзінде Мұсабаевтың жоғары кәсіби деңгейін және халықаралық ғарыш бағдарламаларына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Халық Қаһарманы атағы Ұлттық пантеонға жерленуге құқық бергенімен, отбасының шешімімен Талғат Мұсабаев Алматыдағы Кеңсай-2 зиратына жерленетін болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *