Алматыда 19 қыркүйекте 2007 жылы туған қызды такси жүргізушісі зорлағаны хабарланды, деп жазады ZontNews.kz.
Күдікті бұған дейін жәбірленушіге қырындап жүргені белгілі болған.
Бұл оқиға жайлы «НеМолчиKZ» қоры Instagram парақшасында жариялады. Қор полицияның әрекетсіздігін сынға алды.
Қыз жоғалып кеткеннен кейін табылған. Қордың мәліметінше, жәбірленушіні полиция бес сағат бойы тергеген. Істі әр қызметкер бір-біріне сілтеп, тек прокурор қоңырау шалған соң ғана тергеу басталған. Сараптамаға жолдау да кешеуілдеген.
«Сараптаманы тек бүгін ғана өткізуге мүмкіндік берілді. Түнде келген мемлекеттік адвокат қызды қорғаудан бас тартып, сараптама жасалмай кетіп қалған. Бұл іске Бас прокуратураның араласуын талап етеміз. Шұғыл сараптама жүргізіліп, күдікті қамауға алынуы тиіс. Ол такси жүргізушісі болып істейді. Демек, қазір оның көлігіне отырған әрбір қызға қауіп төніп тұр», – деп хабарлады қор.
Алматы полиция департаменті оқиғаға қатысты ақпаратты растады.
«Жәбірленушінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», – деп хабарлады ведомство.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары істің объективті әрі толық қаралатынын айтты.