Алматыда 6 қыркүйекке жоспарланған Макс Корждың концерті өтпейтін болды. Бұл туралы ұйымдастырушылар 2 қыркүйекте хабарлады, деп жазады ZontNews.kz.
Мәлімдемеде концертке дайындық 2024 жылдың қарашасынан басталғаны көрсетілген. ТМД мен Еуропадан 500-ден астам маман тартылып, қаңтар айында рұқсат алу үшін құжаттар тапсырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақпанда тиісті органдардан жауап келген, ал 13 наурызда спорт нысандары дирекциясымен келісімшарт жасалып, алдын ала төлем жасалған.
«Өткен жылғы жағдайдан кейін келісімді растау үшін 10 наурызда дирекция ресми хабарлама жариялап, концерт өтетіні туралы мәлімдеді. 17 наурызда билеттер сатылымға шығып, қысқа уақытта сатылып кетті. Алматыға 17 мыңнан астам турист келмек болды, барлығы 35 мың билет сатылды», – деп жазылған мәлімдемеде.
Алайда кейін ұйымдастырушыларға бұған дейін берілген рұқсаттың күші жойылғаны хабарланған. Жаңа рұқсат алуға мүмкіндік болмаған.
«27 тамызда дирекция ресми парақшасында алаңның техникалық жағдайына байланысты концерт өтпейтіні туралы жазды. Сол кезде бұрын берілген рұқсаттың күшін жойғанын да хабарлады. Өкінішке қарай, жаңа рұқсат ала алмадық. Сондықтан 6 қыркүйекте Орталық стадионда концерт болмайды», – деп мәлімдеді ұйымдастырушылар.
Компания барлық билеттер ақшасы сатып алынған жерде қайтарылатынын растады.
«Біз бұл концертке айтарлықтай қаржы мен күш жұмсадық. Жарнама науқаны, техникалық талаптарды орындау, ұжымның ұшуы мен тұруы, алаңды жабдықтау – бәріне қаражат салынды. Сіздердің бұл шараны асыға күткендеріңізді білеміз. Біз үшін де бұл өте маңызды болды: он айдан астам уақыт бойы күн сайын жұмыс істедік. Соңына дейін дайындық жүргіздік, барлық мүмкіндікті қарастырдық. Өкінішке қарай, жағдай басқаша қалыптасты. Әр көрерменнен кешірім сұраймыз, әсіресе шетелден Алматыға келгендерден», – деді ұйымдастырушылар.
Даудың тарихы
Бұған дейін стадион дирекциясы концерт болмайтынын хабарлаған. Себеп ретінде құжаттардың толық тапсырылмағанын және «Қайрат» футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасына дайындық қажеттілігін атаған. Сондай-ақ жиі өткізілетін концерттердің стадион көгалын зақымдайтынына назар аударған.
Ал ұйымдастырушылар мұнымен келіспеді. Олардың айтуынша, келісімшарт заңды күшінде, алдын ала төлем жасалған, рұқсаттар алынған. Техникалық директор Арнис Гринбергстің сөзінше, газон арнайы жабынмен қорғалған, үш апта ішінде қалпына келтіруге болар еді.
Қайшы пікірлер тыңдармандарды белгісіздік жағдайында қалдырды. Көпшілігі сапар жоспарынан бас тартуға мәжбүр болды, ал әлеуметтік желілерде бұл оқиға былтырғыдай аяқталды деген пікірлер жиі айтылды.