Алматылық блогер Нурила Аманбаева есту қабілеті нашар такси жүргізушісін мазақтаған бейнежазбасы үшін жұрттан кешірім сұрады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бірнеше күн бұрын ол көлік ішінде баласына шулауға рұқсат беріп, өзі дауыстап ән айтып, жүргізушіні рұқсатсыз бейнеге түсірген видеосын әлеуметтік желіге жариялаған. Бұл әрекеті қоғамда наразылық туғызды.
Блогер кейін бейнеүндеу жариялап, өз ісіне өкінетінін мәлімдеді.
«Ақымақтықпен жариялаған бейнежазбам үшін өкінемін. Қателігімді мойындаймын және жауапкершіліктен қашпаймын. Барлығынан кешірім сұраймын. Қатты ұялып отырмын» — деді Нурила Аманбаева.
Қазір оның парақшасында 63 мыңнан астам жазылушы бар. Оқиғадан кейін қолданушылар оның аккаунтына бойкот жариялады. Полиция блогердің бұл әрекетінің дұрыс еместігін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.