Алла Пугачёва Семей полигонында зардап шеккен ағасы туралы айтты

Фото: Видеодан кадр

Әнші Алла Пугачёва журналист Катерина Гордееваға берген көлемді сұхбатында отбасы жайлы және Кеңес дәуірінде Қазақстанда қызмет атқарып, Семей ядролық полигонында радиацияға ұшыраған туған ағасының ауыр тағдырын айтып берді, деп жазады ZontNews.kz.

«Алғашында ол әскери, тамаша байланыс маманы болды. Семейде, Қытай шекарасында қызмет атқарып жүріп радиацияға ұшырады. Балалары өлі күйінде дүниеге келетін. Кейін оны белгісіз себеппен Ауғанстанға жіберді», – деп еске алды халық әртісі.

Пугачёва ағасының бала кезден тіл үйренуге бейім болғанын, әскери шет тілдер институтына түсуге армандағанын айтты. Алайда зақымданған шынашағы үшін оқу орнына қабылданбаған.

«Ол барлық емтиханды үздік тапсырды. Институтқа қабылданбағаны – үлкен қайғы болды. Сол кезде жүйкесі сыр беріп, ішімдікке салына бастады», – деді әнші.

Кейін оны әскери байланыс училищесіне жіберіп, армандаған аудармашы емес, әскери маман болып шықты.

Пугачёва ағасының ақындық, ән айту, ойнау қабілеті болғанын, бірақ мінезінің күрделі екенін айтты. Соңында ол кеңестік арнайы қызметте жұмыс істеген.

«Жүйкесінде ақау болды. Дегенмен ол өте дарынды адам еді», – деп мойындады әнші.

Артистің айтуынша, ағасының тағдыры, әскери қызметі мен радиацияның салдары бүкіл отбасыға ауыр соққы болған.

Бұл сұхбат – Ресейден кеткеннен кейінгі Пугачёваның алғашқы үлкен әңгімесі. Ол елден кету шешімін отбасының қудалауға ұшырауы, Максим Галкинге «шетелдік агент» мәртебесінің берілуі және балалардың буллингке тап болуы себеп болғанын түсіндірді. «Ар-намыс даңқтан қымбат», – деді ол.

Ол соғысты және «биліктің шексіздігін» сынға алып, жала жабу мәдениетін «елдің жарасы» деп атады. Әр түрлі пікір айту құқығы – нағыз патриотизм екенін, ал «өзіміздің де, өзгенің де адамдарының қазасы» төзгісіз екенін айтты.

Әнші балалық шағын, кедей коммуналдық өмірін, майдангер әкесін, бауырының қасіретті тағдырын және өзінің шығармашылық жолын – «Арлекино» мен «Золотой Орфейден» Чернобыль ликвидаторларына арналған концерттерге дейін еске алды.

Жеке өмірі туралы сөз еткенде Пугачёва Миколас Орбакас пен Максим Галкинмен болған екі шынайы некесін атады. Бүгінде оның отбасында тыныштық пен бақыт орнағанын жеткізді.

«Шындықты айтуға үйреніңіздер. Өмірдің әр сәтіне қуануға тырысыңыздар. Соғыс емес, бейбітшілік үшін дұға етіңіздер», – деп сөз соңында ол жұртшылыққа үн қатты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *