Қазақстан Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш жаңа жылу электр орталығын салуды өзі қолға алады, деп жазады ZontNews.kz.
Бұл шешім «Интер РАО» компаниясымен келісімнің орындалмауына байланысты қабылданды. Бұл туралы бірінші вице-премьер Роман Скляр мәлімдеді.
Оның айтуынша, ресейлік компания жобаларға қажет экспорттық қаржыландыруды қамтамасыз ете алмаған.
«Компания арзан пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру алуы тиіс еді. Бірақ олар бұл міндетті орындай алмады. Сондықтан станцияларды өзіміз салу туралы шешім қабылданды», – деді Скляр.
Көкшетаудағы жоба іске асып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Самұрық-Энерго» холдингі жүргізуде. Осындай тәсіл Семей мен Өскемендегі жобаларда да қолданылмақ.
Скляр Қазақстанның ресейлік компаниялармен ынтымақтастықтан толық бас тартпағанын атап өтті. Оның айтуынша, тиімді қаржыландыру шарттары ұсынылған жағдайда ынтымақтастық жалғасуы мүмкін.
2023 жылдың қарашасында Қазақстан мен Ресей үш ЖЭО салу жөнінде меморандумға қол қойған. Құжатқа сәйкес, «Интер РАО» станцияларды толық салып, оларды 2028 жылға дейін пайдалануға беруі тиіс еді. Алайда 2025 жылдың шілдесінде премьер-министр Олжас Бектенов қаржыландыру болмаған жағдайда жобаларды Қазақстан өзі жүзеге асыратынын айтқан.
Роман Склярдың сөзінше, жобалардың сметалық құны әлі нақтылану үстінде. Алдын ала есеп бойынша, бір гигаватт қуат 2–2,5 млн АҚШ долларына бағалануы мүмкін.
Жаңа станцияларды ел ішінде салу арқылы электр энергиясы тарифтерінің күрт өсуінің алдын алу көзделіп отыр.