Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері өздерін бөлмей, бірге қалдыруды сұрап, жаңа бейнеүндеу жариялады, деп жазады ZontNews.kz.
Олардың айтуынша, жөндеу жұмыстары кезінде бірге боламыз деген уәде берілген, алайда соңғы уақытта басқа ақпарат таралып жатыр.
«Бізді ешкім бөлмейді деп уәде берген едіңіздер. Енді мүлде басқа ақпарат естіп отырмыз. Бізді бірге қалдырыңыздар», — деді тәрбиеленушілер бейнежазбада.
Олар балама ретінде қазіргі таңда бос тұрған екінші корпустан жөндеуді бастап, кейін барлық тәрбиеленушіні уақытша сол жерге көшіруді ұсынады. Осыдан кейін негізгі ғимаратты жөндеуді бастау – тиімді жол деп санайды.
«Егер сіздер ең тиімді шешім іздесеңіздер, біз ұсынған жол – ең дұрысы», — деді балалар.
Бұған дейін тәрбиеленушілерге жөндеу жұмыстары келесі жылдың көктемінде басталатыны хабарланған. Ол кезде балаларды не Алматы облысына көшіру, не отбасылық үлгідегі шағын үйлерге орналастыру жоспарланған.
Әкімдік не дейді?
Алматы қаласы әкімдігі бұл мәселеге байланысты ресми мәлімдеме таратты. Онда «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері өз аумағында қала беретіні және Алматыдағы мектептерінде оқуын жалғастыратыны айтылған.
«Ғимаратқа кешенді жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазір нысанды Алматы қаласының меншігіне беру мәселесі қарастырылып жатыр. Жөндеу қажетті техникалық сараптамадан өтіп, жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалғаннан кейін басталады», — деп хабарлады әкімдік.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, жөндеу кезінде балалардың уақытша орналасуы қауіпсіздік талаптары мен тұрмыстық жағдайға сай шешіледі.
«Тәрбиеленушілер бөлінбейді», — деді олар.
Сондай-ақ, балаларды Қонаев қаласына көшіру жоспарда жоқ екені де атап өтілді. Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруі Алматы қаласы әкімдігінің және оқу-ағарту министрлігінің тұрақты бақылауында болады.