Мойынқұм аудандық соты Жамбыл облысындағы зауыттардың бірінде инженер қызметін атқарған Қытай азаматын ұрып-соққан жұмысшыға қатысты әкімшілік істі қарады, деп жазады ZontNews.kz.
Оқиға 2025 жылдың маусым айында болған. Іс материалдарына сәйкес, қазақстандық жұмысшы цех басшысынан жұмыс уақыты есебіне қол қоюды сұраған. Басшы бұл талапты орындаудан бас тартқанда, жұмысшы ашуға бой алдырып, оның беті мен денесіне бірнеше мәрте соққы жасаған.
Жәбірленуші дене жарақаттарын алып, ауырсыну сезінген. Дегенмен сот-медициналық сараптама жеңіл жарақат белгілерін растамаған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады. Алайда жәбірленуші кешірім беруден бас тартып, моральдық өтемақы мен өкілдік шығындарды өтеуді талап етті.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауы мен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, оған 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Бұл шамамен 157 мың теңге. Сонымен қатар, жәбірленушіге 500 мың теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.