30 шілдеде Павлодарда әйел адам екі баласын тұрғын үйдің терезесінен лақтырып, артынша өзі де секіріп кеткен. Оқиға Нұрмағамбетов көшесіндегі көпқабатты үйде тіркелді, деп жазады ZontNews.kz.
Полицияның алдын ала дерегі бойынша, әйел психикалық дертке шалдыққан тұлға ретінде арнайы медициналық мекемеде есепте тұрған. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, әйел мен екі бала үйдің төрт пен бесінші қабат аралығындағы кіреберіс терезесінен құлап, шатыр үстіне түскен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға туралы жедел жәрдем қызметіне көшеден өтіп бара жатқан тұрғын хабарлаған. Шақыру орнына алты минут ішінде үш бригада келген.
Жас шамасы 1,5 және 5 жастағы екі бала ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Әйел Павлодар қалалық №1 ауруханаға түсті.
Дәрігерлердің айтуынша, 1,5 жастағы бала клиникалық өлім жағдайында жеткізілген. Реанимациялық шаралардан кейін комаға түскен. Бас сүйек-ми жарақаты, ішкі қан кету, ми шайқалуы және бірнеше сүйек сынуы тіркелген.
5 жастағы екінші баланың жағдайы да ауыр. Ол жабық бас-ми жарақатын, жамбас сүйектерінің сынуын және ішкі ағзалардың зақымдануын алған.
Әйелдің өзі ес-түсінде, ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жатқызылды. Бас сүйек-ми жарақаты мен аяқ-қол сүйектері сынған.
Полиция Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» және «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.