Милан түні қазақстандық жанкүйерлер үшін есте қаларлық болды. «Қайрат» жеңіліске қарамастан, ел футболы тарихындағы ең әсерлі ойындардың бірін өткізді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
5 қарашадан 6 қарашаға қараған түні Миланда Чемпиондар лигасының төртінші тур ойыны өтті. Қазақстандық клуб Еуропаның беделді командаларының бірі «Интерге» лайықты қарсылық көрсетті.
Бірінші таймның соңында аргентиналық шабуылшы Лаутаро Мартинес есеп ашты. Екінші таймда «Қайрат» бұрыштан берілген пасты сәтті пайдаланып, таразы басын теңестірді. Жартылай қорғаушы Офри Арад баспен соққы жасап, гол соқты. Бұл сәт жанкүйерлер үшін ерекше қуанышқа айналды.
Алайда 67-минутта Карлос Аугустоның соққысы италиялықтарға жеңіс сыйлады. Кездесу 2:1 есебімен аяқталды.
Төрт тур қорытындысы бойынша «Қайраттың» еншісінде бір ұпай бар. Ол өз алаңында өткен «Пафоспен» (0:0) матчта алынған. Ал «Интер» 12 ұпай жинап, топтың көшін бастап тұр.
Қақпашы Темірлан Анарбеков бірнеше қауіпті сәтте шеберлігімен көзге түсті. Оның сенімді ойыны жанкүйерлердің жоғары бағасына ие болды. Анарбеков Чемпиондар лигасында ең аз гол жіберген үш қақпашының бірі атанды.
«Қайраттың» келесі кездесуі 26 қарашада өтеді. Команда бұл жолы Данияның «Копенгаген» клубына қарсы ойнайды.
Айта кетейік, Миландағы матч билеттері Алматыдағыдан шамамен бес есе арзан болған. Кездесуге үш мыңға жуық қазақстандық жанкүйер қатысты.

