Тхэквондо шебері Мұстафа Өзтүріктің қызы Несліхан Өзтүрік Қазақстанды тек ата-бабасының жері емес, өз рухының бөлігі деп санайды. Ол үшін бұл ел – өткен мен болашақты, естелік пен үмітті тоғыстыратын орын.
«Бұл жер мені танығандай болды»
Несліхан Еуропада туып-өскен. Бірақ туған жермен байланысын бір сәтте емес, біртіндеп сезінгенін айтады. Сол байланыстың ең әсерлі сәті Семейде болған.
«Әкем жүрген жерге алғаш келгенде ерекше күй кештім. Ауа өзгеше еді – жылы, бірақ терең, иісі де бөлек. Мен Абайдың үйінің алдына келгенде, жүрегім қатты соқты. Сөйтсем, музей қызметкері “Бұл үйді мен 30 жыл бұрын әкеңізге көрсеткенмін. Енді – сізге” деді. Сол сөздер мені өткенмен жалғап, бәрін өз орнына қойғандай болды. Сол сәтте түсіндім: Отан – тек картадағы нүкте емес, ол – бізбен бірге өмір сүретін күш, тіл мен естеліктердің қуаты», – дейді Несліхан.
Оның айтуынша, сол сәтте өзіне бұрыннан таныс иіс пен дыбыстар қайта оралғандай болған.
«Сол жердің ауасы, иісі, үнінің бәрі маған бір таныс әлемді еске салды. Сол кезде мен өзімді қонақ емес, оралған адам сезіндім», – дейді ол.
«Әкем үшін күш – тек рухтың тәртібі»
Мустафа Өзтүрік – тек спорт шебері емес, қазақ рухының символы болған тұлға. Бірақ қызы Несліхан оны ең алдымен адам ретінде еске алады.
«Ол қатал бола алатын, бірақ сол қаталдықтың түбінде әрдайым мейірім жататын. Әкем “Адамгершілігі жоқ күш – бос қуат” дейтін. Ол жеңісті даңқ үшін емес, өзін тәрбиелеу үшін маңызды санады. Ол үшін тектілік – тек шыққан жер емес, жүріс-тұрыстың, ойдың тазалығы еді», – дейді Несліхан.
Әкесі жиі тілдің маңызын айтып отыратын.
«Тіл – ұлттың жаны. Тілін жоғалтқан адам өз “менін” жоғалтады» деген сөздері менің есімде мәңгі қалды. Бұрын бұл маған жай әдемі сөз сияқты көрінетін. Ал қазір, қазақ тілін үйрене бастағанда, сол сөздердің мағынасын терең түсінемін. Тіл – грамматика емес, ол – халықтың тынысы, үні, мінезі. Әр сөз арқылы мен әкемнің дәуірін, оның тынысын, ата-бабалар рухын сеземін», – дейді ол.
«Бір жүректе екі ырғақ»
Германияда тұратын Несліхан өзін екі мәдениеттің тоғысындағы адам деп санайды.
«Еуропа – тәртіп пен жүйеліліктің мекені. Қазақ мәдениеті – кеңдік пен жылылықтың бейнесі. Екеуінің де ырғағы менде бар. Бірі – жылдам, нақты, екіншісі – байсалды, сабырлы. Бұл мен үшін қайшылық емес, байлық. Себебі осы екі әлемді түсінгенде ғана арасына көпір орнатуға болады», – дейді Несліхан.
Оның пікірінше, шетелдегі қазақтар – Қазақстанның үнін әлемге жеткізушілер.
«Біз – Қазақстанның бейнесіміз. Әлемге елімізді тек мұнаймен, даламен байланыстырып көрсету әділетсіз. Қазақстан – мәдениет, өнер, білім, талант, батыл әйелдер мен заманауи жастар елі. Мен сол туралы айтуға өзімді жауапты сезінемін», – дейді ол.
«Жастар өз тамырын тірі сезінуі керек»
Қазір Несліхан мәдени және білім беру жобаларымен белсенді айналысады. Оның ең үлкен арманы – Қазақстан мен Еуропа жастарын біріктіретін бастама жасау.
«Жастар бір-бірінен үйреніп, ортақ жобалар жасап, өз тамырын жаңаша таныса деймін. Бұл өнер, кино, спорт немесе ғылыми жоба болуы мүмкін. Маған маңыздысы – жастар мәдениетті кітаптан емес, өмірден, өз тәжірибесінен сезінуі. Сол кезде ғана өз тамырына деген құрмет оянады», – дейді ол.
Оның ойынша, бұл – ұлттық сананың тірі қалуының жалғыз жолы.
«Тіл мен дәстүрді құр сақтау аз. Оларды өмірдің бөлшегіне айналдыру керек. Сол кезде ғана мәдениет қуат көзіне айналады», – дейді Несліхан.
«Қазақстан туралы әлемге адам арқылы айту керек»
Германияда Қазақстанды білетіндер бар, бірақ түсінігі үстірт.
«Көпшілігі елді мұнай, кең дала, көшпелі мәдениетпен байланыстырады. Бірақ олар біздің заманауи өнерімізді, IT жобаларымызды, білімді жастарымызды көргенде таңғалады. “Біз білмеппіз, Қазақстан осындай шабытты ел екен” дейді», – деді Несліхан.
Ол ел туралы әңгімелеудің ең тиімді жолы – адам арқылы жеткізу деп санайды.
«Кино, көрме, блог, сұхбат – бәрі маңызды. Бірақ бастысы – шынайылық. Адамның тарихы мен сезімі арқылы елді түсіндіру керек. Сонда ғана қашықтық жоғалады. Қазақстан алыстағы белгісіз аймақ емес, ортақ әлемнің бір бөлігі ретінде қабылданады», – дейді ол.
«Күш – жүректің тазалығында»
Сөз соңында Несліхан қазақ жастарына арнаған үнін жеткізді.
«Бүгінгі әлем жылдам, адамды бейімделуге итермелейді. Бірақ өзіңді жоғалтпай, тамырыңды ұмытпау – нағыз күш. Қай жерде тұрсаң да, жүрегіңде өз тілің мен елге деген махаббатың болуы керек. Әкем айтатын: “Күш – жүректің тазалығында және бастауыңды құрметтеуде”. Осыны ұмытпаған адам ешқашан адаспайды. Өйткені, қайда барсаң да, жол сені бәрібір үйге – өзіңе алып келеді», – дейді ол.

