Түркия ресейлік мұнайдың орнына қазақстандық мұнайды сатып ала бастады

Фото: РБК

Түркиядағы ірі мұнай өңдеу зауыттары Ресейден алынатын шикізат көлемін азайтты. Бұл шешім «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы енгізілген халықаралық санкциялармен байланысты, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Reuters агенттігінің дерегінше, Түркия Қытай мен Үндістанмен қатар ресейлік мұнайдың негізгі импорттаушыларының бірі саналады. Қазір ел жеткізілім көздерін әртараптандыруға кіріскен. Бұл АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ тарапынан енгізілген экономикалық шектеулерге жауап ретінде қабылданған шара.

SOCAR компаниясына тиесілі Түркиядағы ең ірі зауыттардың бірі — STAR — соңғы уақытта Қазақстан, Ирак және басқа да елдерден төрт партия мұнай сатып алған. Reuters мәліметінше, олардың тәуліктік көлемі 77 мыңнан 129 мың баррельге дейін жетеді. Бұған дейін зауыт негізінен ресейлік мұнайды өңдеген — шамамен 210 мың баррель тәулігіне.

«Төрт партияның бірі — Қазақстанда өндірілген KEBCO маркалы мұнай. Оның сапасы ресейлік Urals маркасымен шамалас. Биыл STAR зауыты Қазақстаннан бір ғана партия сатып алды, ал 2024 жылы мүлде импорттамаған», деп жазады Reuters екі дереккөзге сілтеме жасап.

Тағы бір ірі өңдеуші Tüpraş компаниясы — да Urals сапасына ұқсас мұнайды көбірек сатып алып отыр. Агенттік дерегінше, қазіргі жеткізілімдер Ирак, Бразилия және Анголадан келеді. Ал болашақта Қазақстан да сол тізімге енуі мүмкін.

Қазір Түркияның мұнай импортының 47 пайызы Ресейге тиесілі. Қаңтар мен қазан аралығында ел күніне орта есеппен 669 мың баррель мұнай сатып алған, оның 317 мыңы Ресейден жеткізілген.

Түркия Қазақстан мұнайының он ірі импорттаушысының қатарына кіреді. 2024 жылы бұл ел Қазақстаннан шамамен екі миллион тонна шикізат сатып алған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркияның үлесі одан әрі ұлғаюы мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *