Қазақстанда жаңбыр мен дренаж суларын ағызу және тазалау қызметіне арналған бөлек төлем жүйесін енгізу ұсынылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жаңа тәртіп жеке тұлғаларға емес, тек ұйымдарға қатысты болмақ.
«Ашық НҚА» порталында құрылыс министрлігі әзірлеген «Дренаж суларын ағызу және тазалау қызметтерінің құнын және көлемін есептеу әдістемесін бекіту туралы» қаулы жобасы жарияланды.
Құжатта жаңбыр, еріген және инфильтрациялық суларды ағызу мен тазалау қызметінің құнын есептеу тәртібі айқындалған. Есептеу нақты жауын-шашын көлемі, су жиналатын аумақтың ауданы және өзге де техникалық параметрлер негізінде жүргізіледі.
Төлем елді мекендердің орталық жүйелеріне қосылған және өз меншігінде нөсер кәріз желісі бар заңды тұлғаларға жүктеледі.
Түсіндірме жазбада бастаманың мақсаты қалалар мен ауылдарда су басу қаупін азайту және нөсер кәріз жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету екені көрсетілген.
Жоба сонымен қатар тарифтердің ашық әрі экономикалық тұрғыда негізделген есептеу тетігін қалыптастыруды көздейді. Құжатты қоғамдық талқылау 2025 жылғы 11 қарашаға дейін жалғасады.

