Алматы қаласының тұрғындарына жер сілкінісі туралы ескерту хабарламасы жіберілді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Mass Alert жүйесі арқылы таратылған хабарламада тұрғындарға ғимараттан қауіпсіз жерге шығу ұсынылған. Онда қала мен маңайдағы сейсмикалық белсенділік туралы мәлімет берілген.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сабыр сақтап, тек ресми дереккөздерден ақпарат алуға шақырды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмологиялық зерттеу институтының мәліметінше, дүмпудің эпицентрі Қырғызстан аумағында, Алматыдан 136 шақырым оңтүстік-батыс бағытта орналасқан.
Эпицентр координаттары — 42.032º солтүстік ендік және 76.784º шығыс бойлық. Тереңдігі — 10 шақырым. Энергетикалық класы — 10.1, магнитудасы — 4.9. Есептік қарқындылығы сезілмеген.
Куәгерлердің айтуынша, қалада дүмпу байқалмаған.
Ұқсас ескерту 21 қыркүйекте де таратылған. Ол кезде де жер асты дүмпулері сезілмегенін Сейсмология институты растаған. Министрлік сол уақытта сейсмикалық датчиктер мен Mass Alert жүйесін баптау жұмыстары жүргізілгенін хабарлаған.
Mass Alert жүйесі Алматыда есептік қарқындылығы 5 балл және одан жоғары жер сілкінісі кезінде автоматты түрде ескерту хабарламасын таратуға арналған.

