Қазақстандағы футбол клубтары жеке қолға өтпек. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортқа бөлінетін мемлекеттік қаржы қысқаратынын және футболшылардың жалақысы бюджеттен төленбейтінін мәлімдеген, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов депутат Нартай Аралбайұлының сауалына жауап беріп, футбол клубтарын сатып алуға ниетті компаниялардың тізімін атады.
«Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) «Қызыл-Жар» клубын иеленуді жоспарлап отыр. Freedom Finance (Тимур Турлов) «Шахтер» клубына арналған стадион мен академия салуды көздейді. Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» клубын сатып алып, Астанада футбол инфрақұрылымын дамытуға ниетті. TAU GROUP LTD (Ислам Қозыбақов) «Қайсар» клубын сатып алу жоспарын жариялады.
Бектеновтің сөзінше, «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтарына қатысты келіссөздер әлі жалғасып жатыр.
2025 жылы футбол саласына 34,9 млрд теңге бөлінген. Оның 31,8 млрд теңгесі кәсіби клубтарға, ал 3,1 млрд теңгесі балалар мен бұқаралық спортқа бағытталған.
Аудит нәтижесінде 100-ден астам заң бұзушылық анықталды. «Ақтөбе» және «Қызылжар» клубтарында сыбайлас жемқорлық белгілері тіркелген. Ақтөбе облысының прокуратурасы ойыншыларға негізсіз төленген бонустар мен 250 млн теңгеден астам мақсатсыз жұмсалған қаржыны әшкереледі.
2026 жылдан бастап жаңа талаптар енгізіледі. Бюджет пен квазимемлекеттік сектор есебінен шетелдік ойыншыларды қаржыландыруға тыйым салынады. Әкімдіктер енді бір клубты қолдау үшін 500 АЕК-тен (1,96 млн теңге) артық қаржы бөле алмайды. Сонымен бірге балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жаттықтырушыларының жалақысы 30%-ға өседі.