Астана қалалық апелляциялық соты блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Судья Жанна Нұрғалиева 2025 жылғы 15 қыркүйекте шығарылған қаулыны заңды әрі негізді деп танып, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады.
«Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Апелляциялық шағымдар қанағаттандырылмасын. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді», — деді судья.
Нұрғалиева әкімшілік орган кейбір мән-жайларды толық анықтамағанын атап өтті.
«Жанабылов өткізген іс-шараларда лотерея белгілері байқалады. Ұтысқа қатысу құны мен қатысушылар саны туралы нақты деректер жоқ», — деді ол.
Апелляциялық алқа соттың алғашқы шешімін күшінде қалдырғаннан кейін, іс қылмыстық сипатта қайта қаралуы мүмкін екені айтылды.
Бұған дейін Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс қозғалған еді. Істен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған соң, судья Малика Ноғайбекова оны қылмыстық іс ретінде қайта саралау туралы қаулы шығарған.