Ақтөбе қаласында өзін «емші» ретінде таныстырған әйел 136 адамнан жалпы сомасы 579 миллион теңге жинағаны үшін сот үкімімен кінәлі деп танылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, әйел адамдардың сеніміне кіріп, «мешіт пен медициналық орталық салу», «ауру баласын шетелге емдету» және «өз кәсібін дамыту» деген уәделермен олардың атына несие рәсімдетіп отырған.
«Айыпталушы несиелерді өз атына емес, пациенттердің атына рәсімдеп, алынған қаражатты өз пайдасына жаратқан. Бұрынғы несиелердің ай сайынғы төлемдерін де жаңа несие есебінен жапқан. Соның салдарынан 136 адамға жалпы 579 миллион теңге мөлшерінде залал келген», – деді Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («аса ірі көлемде бірнеше адамға қатысты жасалған алаяқтық») бойынша қаралды.
«Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, банк құжаттарымен, несиелік келісімдермен және өзге де дәлелдермен расталды. Оның жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған баласының бар екені ескерілді. Сот алты жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деп хабарлады соттың өкілі.
Сот үкімімен жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды – сотталушының баласы 14 жасқа толғанға дейін.