Белгілі актриса Дариға Бадықованың заңды өкілі Айгүл Орынбек бала асырап алу құпиясын жария еткені үшін құқық қорғау органдарына ресми шағым түсіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында бала асырап алғандарын жария еткен. Айгүл Орынбектің айтуынша, мұндай әрекет — жеке және отбасылық құпияны бұзу ғана емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілікке себеп болатын құқықбұзушылық.
«Күйеуі мұның құқықтық салдарын түсінбеуі мүмкін, бірақ журналист заңнан бейхабар болмауы керек. Мен Дариғаны көптен танимын, оның ажырасу кезеңінде қандай қиындық көргенін білемін. Сондықтан заңды өкілі ретінде Алматы қалалық полиция департаментіне Жылқышыбай мен Мұсаевтың әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғауды сұрап ресми арыз бердім», – деді Орынбек.
Ол бұл жағдайды жеке тұлғаның ар-намысын қорғау мәселесімен қатар, журналистік этика мен заң үстемдігіне сынақ деп бағалады.
«Барлық ақпарат құралдарын ақпарат саласындағы заңнаманы қатаң сақтауға және азаматтардың жеке өміріне қол сұқпауға шақырамын. Журналист ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Рейтинг үшін біреудің жеке тағдырын талқыға салу — кәсіби абыройға нұқсан келтіреді», – деді ол.