Бестеректегі жол апатынан зардап шеккен 9 жастағы қыз қайтыс болды

Фото: Pixabay

Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында жол апатынан зардап шеккен 9 жастағы қыз жансақтау бөлімінде бір айдан аса уақыт емделіп, көз жұмды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Қайғылы оқиға 19 тамызда болған. 55 жастағы Toyota Camry жүргізушісі үй қақпасының жанында, жолдан 10 метрге жетпейтін жерде тұрған балаларды қағып кеткен. Екі бала оқиға орнында, тағы бірі ауруханаға жетпей көз жұмған. Тағы үш бала ауыр жарақат алған.

Зардап шеккендердің екеуі — ағасы мен қарындасы — Астанадағы көпсалалы №2 балалар ауруханасына жеткізілді. Үшінші бала, тоғыз жастағы қыз, бастапқыда Үржар аудандық ауруханасында жатқан. Дәрігерлер жағдайы тұрақтанған соң, 23 тамызда оны санитарлық авиациямен Семей медицина университетінің госпиталіне жіберді.

Аймақтық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыз бір айдан аса жансақтау бөлімінде болды.

«Дәрігерлер бар күшін салды, алайда алған жарақаттары өмірге қауіп төндірді», – деді басқарма өкілдері.

Қыз есін жимай көз жұмды.

Қалған екі бала ұзақ ем қабылдаған соң астанадан үйлеріне оралды. Олар қалпына келтіру емін жалғастырып жатыр.

Полиция бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Жүргізуші қамауға алынған. Сараптама қорытындысы жүргізушінің апат кезінде мас күйінде болмағанын растады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *