Алматы әкімдігі Баума тоғайына қатысты қоғамдағы дауға жауап берді

Фото: TG/ Ilzat Akchurin

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының кеңесшісі Ильзат Акчурин Баума тоғайында абаттандыру кезінде ағаштар кесілмейтінін айтты. Бұған дейін экология министрлігінің эко-порталында жарияланған жоба құжаттарында тоғайдағы жасыл желектің жартысына жуығын жою қарастырылғаны жазылған еді, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Не болды?

Эко-порталда «Баума тоғайын қалпына келтіру және сақтау» жобасы жарық көрді. Құжатта ағаштардың небәрі 55 пайызы сау екені, ал қалғандарының әлсірегені, қурағаны немесе апатты жағдайда екені көрсетілген. Жоба бойынша 12,7 мың текше метр ағаш кесу ұсынылып, бұл тоғайдың 48 пайызына тең екені айтылған.

Кесу тоқтады ма?

Ильзат Акчуриннің айтуынша, Қазақ аграрлық зерттеу университеті мен Орман ғылыми-инновациялық институты жүргізген түгендеу өзге мәліметтерді көрсетті. Тоғайдағы 104 мың ағаш пен 5 мыңнан астам бұтаның ішінде 55 пайызы сау, 23 пайызы әлсіреген, 12 пайызы баяу дамыған, 8 пайызы қурай бастаған, ал апатты және кеуіп тұрғандары небәрі 1 пайыз болған.

«Авариялық ағаштардың үлесі жалпы санының 9 пайызынан сәл ғана асады. Бұл дерек бұған дейінгі “48 пайызды кесу” туралы ақпаратты жоққа шығарады», – деді әкімнің кеңесшісі.

Әкімдіктің мәліметінше, санитарлық шараларға тек ауру бұтақтарды кесу, зиянкестерге қарсы өңдеу және топырақты тазалау жатады. Мақсат – ағаштардың өмірін ұзарту және жағдайын жақсарту.

«Жұмыстар табиғи ортаға барынша аз араласу арқылы жүргізілуде. Абаттандыру кезінде экологиялық таза материалдар қолданылады, цемент-бетон бұйымдары пайдаланылмайды», – деді Ильзат Акчурин.

Қоғамдағы реакция

Әлеуметтік желіде тоғайдағы құрылыс жұмыстары түсірілген видео тарап, тұрғындар наразылық білдірді. Кадрларда емен аллеясында бордюр төселіп жатқаны көрсетілген. Қолданушылар мұндай абаттандыру жасыл желекті жоюға әкелуі мүмкін деп қауіптенді.

Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы бұл жұмыстар тоғайды қайта қалпына келтірудің бір бөлігі екенін түсіндірді. Ведомство жобада ағаштарды жаппай кесу қарастырылмағанын, керісінше жаңа ағаштар мен бұталар отырғызылатынын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *