Мұғалім – блогер де, күзетші де емес: педагог мәртебесі туралы заңға өзгерістер енгізілмек

Фото: gov.kz

Мұғалімдер күні қарсаңында мәжіліс депутаты, бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізілетін түзетулерді таныстырды. Құжат үкімет қарауына жіберілді, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Аймағамбетовтың айтуынша, түзетулердің басты мақсаты – мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, артық міндеттерді алып тастау.

Есеп беру тәртібі. Жаңа түзетулерге сәйкес, қағаз және электронды есепті қатар тапсыруға тыйым салынады. Құжат электронды түрде енгізілсе, қағаз нұсқасы талап етілмейді. Барлық деректер бір рет қана «Күнделік», НОБД немесе BilimLand жүйесіне жазылады.

Әлеуметтік желілер. Мұғалімдерді Instagram не Facebook парақшасын жүргізуге, сабақтан фото жариялауға міндеттеу тоқтатылады. Барлық ресми хабарламалар тек LMS-платформалар немесе электронды пошта арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ түнгі чаттар мен шектен тыс мессенджерлік талаптарға да шектеу қойылмақ.

Жауапкершілік шекарасы. Заңда нақты белгіленген: мұғалім оқушылардың мектептен тыс мінез-құлқына жауап бермейді. Күзетші, детектив сияқты қосымша міндеттер ұстаздарға жүктелмейді.

Мектеп пен ата-ана арасындағы келісім. Жаңа түзетулер бойынша ата-аналар, оқушылар және мектеп шарттарды тең дәрежеде орындауға міндетті. Тәрбиелеу тек мұғалімнің мойнында емес, ортақ жауапкершілік ретінде қарастырылады.

Қорғау тетіктері. Мұғалімдерді заңсыз қысымнан қорғау үшін қосымша кепілдіктер енгізіліп, заң бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі ұлғайтылады.

«Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші, іс жүргізуші немесе чат модераторы болмауы тиіс», – деді депутат Telegram-арнасында.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *