Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш беріп, кейін оны өзі қайтарып алды. Бұл туралы Алматы қаласы Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты хабарлады, деп жазады ZontNews.kz.
Боранбаев 2023 жылғы 31 наурызда бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жылға сотталды. Кейін үкім қайта қаралып, жаза мерзімі алты жылға қысқартылды. Сол жылдың қарашасында Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оның жазасын шектеу түріне ауыстырып, кәсіпкер колониядан босатылды. Бұған дейін ол мемлекетке миллиардтаған теңге және ондаған бизнес-активін берген еді.
2 қазанда онлайн-отырыс барысында Боранбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу туралы өтінішін сотқа ұсынды, алайда отырыс кезінде өз еркімен қайтарып алды.
«Сотталушы өтінішін кері қайтарғандықтан, сот арызды қараусыз қалдырды», – деді қалалық соттың баспасөз қызметі.
Боранбаев 1966 жылы Торғай облысының Амангелді ауылында дүниеге келген. Әр жылдары «ҚазТрансГаз» және «ҚазРосГаз» компанияларында басшылық қызмет атқарды. Сондай-ақ Қазақстан Паралимпиадалық комитетінің президенті әрі «Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесін басқарды.
2023 жылы ол «Qazaq Gas» компаниясындағы газ саудасына байланысты 14,6 млрд теңге көлемінде қаржы жымқырды деген күдікпен ұсталды. Кейін сотта кінәсін мойындап, мемлекетке зауыт, кен орны және бірнеше кәсіпорнын қайтарды.
Қайрат Боранбаев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Оның қызы Әліма Боранбаева кезінде Дариға Назарбаеваның ұлына тұрмысқа шыққан.