Атырауда мас адамдарды блогерден жасырмақ болған полиция сынға қалды

Фото: Видеодан кадр

Атырау тұрғыны Toyota Highlander көлігінде қозғалыссыз отырған екі ер адамды байқап, жедел жәрдем шақырды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Ер адамдардың үстінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің формасына ұқсайтын киім болған.

Куәгерлердің айтуынша, олар мас күйде болған. Бірі аяғынан жарақат алып, облыстық ауруханаға жеткізілді, бірақ біраз уақыттан соң қашып кеткен. Екіншісі оқиға орнында полицияға тапсырылды. Жедел жәрдем көлігінде жанжал шығып, блогер түсірмек болған сәт тағы бір қақтығысқа ұласа жаздады.

Куәгерлердің назары ең алдымен олардың киіміне ауды. Себебі оқиға орнына келген полиция қызметкерлері олармен есімдерімен сөйлесті. Бұл олардың расымен құқық қорғау органдарына қатысы бар ма деген күмән туғызды.

Сондай-ақ мас адамдар блогер мен фельдшерге де күш қолдануға ұмтылған.

Облыстық полиция департаменті бұл жағдайға түсініктеме берді.

«Көлікті 29 жастағы қала тұрғыны басқарған. Медициналық сараптама оның мас болғанын растады. Бұған қоса, ол бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша іс қозғалды. Жүргізуші полиция қызметкері емес, бірақ құқық қорғау органдарының формасына ұқсас киімде болған. Бұл үшін Әкімшілік кодекстің 675-бабы бойынша хаттама толтырылды. Барлық материал сотқа жіберіледі».

Қоғамда ер адамдардың не үшін форма кигені және неге камерадан қашқаны қызу талқыланып жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *