Қазақстан тарихында алғаш рет әйел ғарыш сапарына қатысады. Бұл сапарға Мәжілістің бұрынғы депутаты Гүлжан Қарақұсованың қызы, кәсіпкер Данна Қарақұсова шығады. Ол Blue Origin компаниясының New Shepard кемесімен ұшады. Билеттің құны шамамен 500 мың доллар, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Компанияны құрған Джефф Безостың айтуынша, бұл New Shepard бағдарламасы аясындағы 15-ші пилотталған сапар болмақ.
«Данна Қарақұсова – бұқаралық ақпарат құралдары және іс-шара ұйымдастыру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер. Ол Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарын бағындырған тәжірибелі альпинист. Ғарышты адамзат үшін жаңа белес деп санайды», – деп мәлімдеді компания.
Экипаж құрамына инженер әрі зерттеуші Клинт Келли III енді. Ол 1984 жылы DARPA агенттігі үшін жүргізушісіз көлік жобасын іске асырған. Бұл агенттік интернет, GPS және дрон технологияларының дамуына ықпал еткен.
Қатысушылар қатарында кәсіпкер әрі зерттеуші Аарон Ньюман, FranChoice компаниясының негізін қалаушы Джефф Элгин және 100-ден астам елді аралаған украиналық инвестор Виталий Островский бар. Алтыншы қатысушының есімі ұшудан кейін жарияланады.
Данна Қарақұсова – FMG маркетинг холдингінің негізін қалаушы. Оның анасы Гүлжан Қарақұсова – бұрынғы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Мәжілісте қаржы және бюджет комитетін басқарған, қазір Сенат жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі.
New Shepard ұшуы қалай өтеді?
Экипаж арнайы капсуламен көтеріледі. Зымыран көтерілгеннен кейін капсула бөлініп, жолаушылар шамамен бес минут бойы салмақсыздықты сезінеді. Кейін капсула парашютпен жерге қонады.
New Shepard орбитаға шықпайды. Дегенмен ол Карман сызығынан асып өтетіндіктен, АҚШ жүйесі бойынша ғарыш сапары ретінде есептеледі. Ұшу биіктігі – 100 шақырым, ұзақтығы шамамен 11 минут. Басқару жүйесі толық автоматтандырылған.
Осы уақытқа дейін компания 75 адамды ғарышқа шығарды, олардың бесеуі сапарын қайталады.
Ұшу 8 қазанға жоспарланған. Blue Origin сайты, X желісі және YouTube арнасында тікелей көрсетіледі. Трансляция сапар басталғанға дейін 30 минут бұрын қосылады.
Сәуір айында компания алғаш рет тек әйелдерден құралған экипажды ғарышқа жіберген болатын. Бұл – 1963 жылы Валентина Терешкова ғарышқа шыққалы бергі алғашқы әйелдер тобы. Экипаж құрамында мәдениет, ғылым және бизнес өкілдері болды. Олардың қатарында әнші Кэти Перри мен сол кезде Джефф Безостың қалыңдығы болған Лорен Санчес бар еді.