Telegram компаниясының негізін қалаушы Павел Дуров Астанада өткен халықаралық Digital Bridge форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ол сөзін әзілмен бастады.
«Көптеген табысты адамдар маған Қазақстанға келіп, жар табатынын айтқан. Өкінішке қарай, мен мұнда ол үшін келген жоқпын. Мен жасанды интеллект туралы сөйлесуге келдім», – деді Дуров.
Кәсіпкердің айтуынша, жасанды интеллект қоғам құрылымын түбегейлі өзгертетін басты факторға айналады. Адамдардың оған сеніммен не қорқынышпен қарауы болашақтың бағытын айқындайды. Ол Қазақстанның технологиялық дамуға үмітпен әрі сеніммен қарайтынын атап өтті.
«Әрине, көптеген сын-қатерлер болады. Бірақ оларды жасанды интеллекттің көмегімен еңсеруге болады. Бұл баршаға ортақ молшылықтың жаңа дәуіріне жол ашады».
Дуров бір жыл бұрын Telegram компаниясының алғашқы аймақтық кеңсесі Қазақстанда ашылғанын еске салды.
«Бүгін мен Telegram-ның жаңа жасанды интеллект зертханасын Alem.Ai ғимаратында ашатынымды қуана хабарлаймын. Алғашқы жоба Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері бірлесіп жүзеге асыратын бастама болады. Оны Жасанды интеллект істері министрлігі қолдап отыр», – деді ол.
Сөз болып отырған технология – блокчейн мен жасанды интеллекттің тоғысындағы жаңа шешім. Бұл Telegram командасының соңғы айларда жасаған еңбегінің нәтижесі. Жоба іске қосылғаннан кейін миллиардтан астам пайдаланушы орталықтандырылмаған есептеу жүйесі арқылы нейрожелі мүмкіндіктерін қолдана алады.