Іле ауданы Кенен Әзірбаев ауылындағы Егемен көшесінде үш жеке тұрғын үй мен оларға жалғасқан қора-қопсы өртенді. Өрт салдарынан анасы мен сәбиі қаза тапты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Өрт сөндірушілер келген кезде үйлер ашық жалынмен жанып тұрған. Құтқарушылардың айтуынша, хабарламаның кеш берілгені өрттің тез таралуына себеп болды. Ауа райының ыстығы, қою түтін және үй қабырғаларының қамыс қапталғандығы өртті сөндіруді қиындатқан. Сонымен қатар үйлердің бір-біріне өте жақын орналасуы (шамамен 1,5–2 метр) және тар көшелер де құтқарушыларға кедергі келтірген.
Өрт орнынан анасы мен сәбиінің мәйіті табылды. Бір тұрғын ауыр күйік алғандықтан ауруханаға жеткізілді. Жалпы, 448 шаршы метр аумақты шарпыған өртті сөндіру кезінде төрт газ баллоны қауіпсіз аймаққа шығарылды.
Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті күштерін жұмылдырды. Оған 18 қызметкер мен 6 арнайы техника қатысты.