Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия президенті Серджо Маттарелла бір-бірін орденмен марапаттады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Тоқаев Италия президентіне І дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Мемлекет басшысы Серджо Маттарелланы Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін марапаттағанын атап өтті.
«Сіз халықтың сеніміне ие болған беделді көшбасшысыз және әлемге танымал саясаткерсіз», – деді Тоқаев.
Серджо Маттарелла Қазақстан президентіне Италияның ең жоғары наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды. Италия басшысы бұл марапат тек Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына берілетінін айтты.
«Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл марапат – сіздің еңбегіңіздің лайықты бағасы», – деді Серджо Маттарелла.