Әнші Рүстем Жүгінісов әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін 78 640 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл шешімді Астана қаласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық сот қабылдады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сотта әншінің екі оқиғасы қаралды.
Бірінші оқиға 2023 жылғы 31 желтоқсанда болды. Рүстем Жүгінісов TikTok-тегі Zhugunussov парақшасында «Жаңа жылды атап өту керек пе?» деп сұрақ қойып, пайғамбарлар мен ата-бабаларымыз бұл мерекені тойламағанын айтқан.
Екінші оқиға Ақтөбе мешітінде орын алған. Әнші бір ер адамның жас қызға қатысты жыныстық емеурін көрсетуіне қатысты пікір білдірген. Сол оқиғада қыз ер адамның бір реттік неке ұсынғанын айтқан. Рүстем Жүгінісов бұл жағдайды қызды арандату деп бағалап, мешітке жалғыз бармауды, әкесі немесе бауырымен бірге баруды ұсынған.
Сараптама нәтижесінде әншінің пікірлері қоғамда діни араздық тудыруы мүмкін деп бағаланды. Сот Рүстем Жүгінісовті әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, айыппұл төлеуге міндеттеді.